№7.  Ішінара бақылау

 

 

1.Ішінара бақылаудың теориялық негіздері

Ішінара бақылау деп жиынтықтың белгілі бір бөлігін зерттеуді айтады.

Ішінара бақылау – жартылай бақылаудың бір түрі. Ішінара бақылау жүргізгенде зерттелетін жиынтықтың азғантай ғана бөлігі (әдетте 5 –10%-ға дейін) бақыланады. Қазіргі кезде ішінара бақылау тәжірибе жүзінде кеңінен қолданылады. Мысалы, шығарылған өнімнің сапасын тексеру, үй шаруашылығының бюджетін зерттеу, белгілі бір тауар түріне халықтың сұранысын анықтау үшін ішінара бақылау жүргізіледі.

Ішінара бақылаудың көптеген артықшылықтары бар, атап айтқанда:

q ішінара бақылау зерттеуді мұқият ұйымдастыруға мүмкіндік береді;

q алғашқы ақпаратты қысқа мерзімде жинауға болады;

q бақылау нәтижесінде жиналған мәліметтерді өңдеуге жұмсалатын уақыт қысқарады;

q материалдық-техникалық ресурстар (кеңсе тауарлары, оргтехника, т.б) үнемделеді;

q зерттеу жұмысының барлық кезеңдеріне қатысатын еңбек ресурстары үнемделеді;

q мәліметтерді жинау және өңдеуге жұмсалатын қаржы үнемделеді.

Осындай артықшылықтары болғандықтан ішнара бақылау қоғам өмірінің барлық саласында кең тараған.

Ішінара бақылау әдісін қолданғанда 2 түрлі жиынтық қарастырылады:

· негізгі (бас) жиынтық;

· ішінара жиынтық.

 Негізгі (бас) жиынтық деп ішінара бақылауға қажетті бірліктерді іріктеп алатын бастапқы жиынтықты айтады.

 Ішінара жиынтық немесе іріктеу жиынтығы деп негізгі жиынтықтың бақылауға алынған бөлігін айтады.

Ішінара бақылауда мынадай белгілеулер қолданылады: Мысалы,

N – негізгі жиынтық бірліктерінің саны;

n – ішінара жиынтық бірліктерінің саны;

ẋ – негізгі жиынтықтың орташасы;

~x – ішінара жиынтықтың орташасы;

M – негізгі жиынтықтағы зерттеу белгісі бар бірліктер саны;

m – ішінара жиынтықтағы зерттеу белгісі бар бірліктер саны;

p – негізгі жиынтықтағы зерттеу белгісі бар бірліктер үлесі;

W – ішінара жиынтықтағы зерттеу белгісі бар бірліктер үлесі.

Осы белгілеулерді пайдаланып, негізгі және ішінара жиынтықтың көрсеткіштерін қалай есептеу керектігі келесі кестеде көрсетілген.


Негізгі жиынтықтан ішінара жиынтыққа бірліктерді алу тәсіліне байланысты ішінара бақылау мынадай екі түрге бөлінеді:

· қайталанатын бақылау

· қайталанбайтын бақылау.

 Егер бір рет бақылауға алынған бірлік негізгі жиынтыққа қайтадан түсетін болса, ондай бақылауды қайталанатын бақылау дейді. Мұндай жағдайда негізгі жиынтықтағы бірліктер саны тұрақты болады, сондықтан жиынтықтағы барлық бірліктер үшін іріктеуге түсу ықтималдылығы да іріктеу барысында өзгермейді. Қайталанатын бақылауға мысал ретінде маркетинг саласындағы әр түрлі зерттеулерді келтіруге болады.

Ал іріктеп алынған бірлік негізгі жиынтыққа қайта түспейтін бақылауды қайталанбайтын бақылау дейді. Мұндай бақылауды негізгі жиынтықтың көлемі белгілі болған жағдайда жүргізген орынды. Бақылаудың осы екі түрінің нәтижесін салыстыратын болсақ, әдетте қайталанбайтын бақылау дәлдігі жоғарырақ болады.

Іріктеудің репрезентативті болу, болмауы ішінара бақылау нәтижесінің сапасына тікелей әсер етеді. Репрезентативті іріктеу деп ішінара жиынтықтың қасиеттері мен құрылымы негізгі жиынтықтың қасиеттері мен құрылымына сәйкес келетін іріктеуді айтады. Іріктеу репрезентативті болу үшін негізгі жиынтықтан бірліктерді кездейсоқтық қағидасы бойынша таңдау қажет.

 

2. Ішінара бақылау қатесі

Ішінара бақылау жүргізгенде жиынтықтың барлық бірліктері қамтылмайды және вариациялық белгілер қарастырылмайды, сондықтан ішінара бақылаудың қорытынды көрсеткіштері негізгі жиынтықтың қорытынды көрсеткіштерімен бірдей болмайды. Негізгі жиынтық пен ішінара жиынтықтың қорытынды көрсеткіштерінің айырмасын бақылау қатесі дейді.

Бақылау қатесінің мөлшері неғұрлым үлкен болса, ол ішінара жиынтықтың қорытынды көрсеткіштері негізгі жиынтық көрсеткіштерінен соғұрлым алшақтайтынын көрсетеді.

Ішінара бақылауға репрезентативті қате тән.

Іріктеліп, бақылауға алынған жиынтық бөлігіндегі зерттелетін белгі мәнінің негізгі жиынтықтағы оның нақты мәнінен ауытқуын репрезентативті қате дейді. Репрезентативті қатені жүйелі және кездейсоқ қате деп екіге бөледі.

Жүйелі қате бақылауға алынатын бірліктерді іріктеу барысында кездейсоқтық қағидасын сақтамау салдарынан болады. Ал кездейсоқ қате кездейсоқтық қағидасы орындалған жағдайдың өзінде негізгі және ішінара жиынтық көрсеткіштері бірдей болмайтынын көрсетеді.

 

3. Ішінара жиынтықты құру тәсілдері

 Ішінара жиынтықты қандай тәсілмен құру керектігі негізгі жиынтықтың құрамы мен құрылымының ерекшелігіне байланысты болады. Тәжірибе жүзінде ішінара жиынтықты құрудың мынадай тәсілдері кең тараған:

ü кездейсоқ іріктеу;

ü механикалық іріктеу;

ü типтік іріктеу;

ü сериялы іріктеу;

ü құрама іріктеу.

Кездейсоқ іріктеу жүргізілгенде жиынтықтың кездейсоқ алынған бөлігі бақылауға алынады. Мысалы лоторея ойындары. Кездейсоқ іріктеуді жеребе немесе кездейсоқ сандар кестесі бойынша іске асыруға болады.

Механикалық іріктеу тәсілін пайдаланғанда негізгі жиынтықтан бірліктерді іріктеп алу үшін белгілі бір интервал қолданылады. Мысалы, тізімдегі 1000 студенттің ішінен 100 студентті бақылау үшін әрбір оныншы студентті іріктеп алуға болады. Бірліктердің іріктеуге қандай интервалмен алу керектігі іріктеу пропорциясына байланысты анықталады.

Типтік іріктеуде жиынтық алдымен типтік белгілер бойынша топтарға бөлінеді. Типтік топтар анықталғаннан кейін ішінара жиынтыққа бірліктерді іріктеп алу үшін әр топта кездейсоқ немесе механикалық іріктеу жүргізіледі. Мысалы, халықты әр түрлі белгі бойынша зерттегенде типтік топтар ретінде әлеуметтік топтарды, жас белгісі, білім деңгейі бойынша анықталған топтарды қарастырады.

Сериялы іріктеу жүргізгенде негізгі жиынтықтан белгілі бір топтар, сериялар іріктеліп алынады, содан кейін осы топтардың, сериялардың барлық бірліктер бақыланады. Мұндай жағдайда бақылау кездейсоқ іріктеу немесе механикалық іріктеу тәсілі арқылы ұйымдастырылады. Қораптағы тауарларды тексеру, топтағы студенттердің оқу үлгерімін, бөлімшедегі еңбек өнімділігін зерттеу сериялық іріктеудің мысалы болады.

Құрама іріктеу іріктеудің бірнеше түрін қатар қолдануды білдіреді. Мысалы, сериялық іріктеу мен кездейсоқ іріктеуді бір бақылауда қолдануға болады. Мұндай жағдайда негізгі жиынтықты бірнеше серияға бөледі де, бақылауға алынатын серияларды кездейсоқ іріктеу тәсілі арқылы таңдап алады. Құрама іріктеу бірнеше кезеңмен өткізіледі және әр түрлі іріктеу тәсілі қолданылады.

Қазіргі кезде ішінара бақылау экономикалық әрекеттің барлық түрінде кеңінен қолданылады.


Соңғы өзгеріс: сейсенбі, 27 қыркүйек 2022, 3:22 PM