1.    Статистика туралы жалпы түсінік

«Статистика» термині латынның статус (status) деген сөзінен шыққан.  Қазақшаға аударғанда заттың, нәрсенің, кұбылыстың жай-күйі деген мағынаны білдіреді.

Бұл сөзді алғаш рет неміс ғалымы Готфрид Ахенваль 1749 жылы жарияланған мемлекеттану туралы ғылыми жұмысында қолданды. Алғашқы кезде бұл сөз мемлекеттің саяси жағдайы деген мағынаны білдірді. Ғылым ретінде статистика тек XVIII ғасырда пайда болғанмен, статистикалық есептің өте ертеден жүргізілгені белгілі. Мысалы көне заманның өзінде-ақ халықты, малды, жерді, қалаларды есепке алып отырған.

Статистика ғылымының қайнар көзінде екі мектеп тұрды:

· немістің сипаттамалық мектебі;

· ағылшынның саяси арифметиктер мектебі.

Сипаттамалық мектептің өкілдері мемлекеттің аумағын, халқын, шаруашылықты жүргізуін, т.б. көрсеткіштерін статистика санмен емес, сөзбен сипаттауы қажет деп санады.

Бұл мектептің көрнекі өкілдері ретінде Герман Конрингті (1606–1661),  Готфрид Ахенвальды (1719–1772) атауға болады

Ал саяси арифметиктер қоғамдық құбылыстарды сан жағынан сипаттауды мақсат етті. Статистика ғылымы үшін бұл қоғамдық құбылыстар мен процестерді сипаттаудан оларды өлшеуге, зерттеуге көшкен жаңа кезең болды. Саяси арифметиктер мектебінің негізін қалаушы және оның аса көрнекті өкілі болып ағылшын ғалымы Вильям  Петти (1623–1687) саналады. Ол осы мектептің статистикалық-экономикалық бағыты бойынша зерттеулер жүргізсе, Джон  Граунт (1620–1674), Эдмунд Галлей (1656–1742) демографиялық процестерді талдады. Бұл ғалымдар алғаш рет қоғамның дамуын сан жағынан  көрсетуге тырысты және олардың алдарына қойған міндеттері қазіргі статистика міндеттеріне ұқсас болды.

Статистиканың одан ары дамуына көптеген ғалымдар өздерінің ғылыми еңбектерімен атсалысты. Солардың ішінде мына ғалымдардың аттарын атамай кетуге болмайды: неміс ғалымдары Герман Конринг (1606-1661), Готфрид Ахенваль (1719-1772), бельгия ғалымы Адольф Кетле (1796-1874), англия ғалымы Артур  Боули  және тағы басқалары.  

Ресей статистикасының тарихында белгілі өкілдері В.Н. Татищев (1686-1750), М.В. Ломоносов (1711-1765),  С.Г. Струмиллин (1877-1974), П.П. Чебышев (1821-1894), Н.А. Марков (1856-1922) және т.б.

Қазіргі егемен республикамыздағы статистиканың дамуы еліміздегі статистика тарихының жаңа кезеңінің басы болып саналады.

 

2.    Статистика пәні мен міндеттері

          Статистика – қоғамдық құбылыстардың құрамы мен өзгеру процестерін, ондағы сандық қарым-қатынастар мен заңдылықтарды сапалық тұрғыда байланыстыра отырып, оның белгілі бір уақытта қай жерде болғанын зерттейтін қоғамдық ғылым.

Қазіргі кезде «статистика» сөзі мынадай мағынада қолданылады:

·      статистика – қоғамдық құбылыстар туралы деректерді, мәліметтерді жинайтын, өңдейтін, оларды талдап, жариялайтын практикалық әрекет саласы;

·      статистика – қоғамдық құбылыстарды сипаттайтын сандық көрсеткіштердің жиынтығы;

·      статистика – жоғары оқу орындарында оқылатын пән.

Статистика ғылым ретінде пәндердің біртұтас жүйесін құрайды:

·      статистика теориясы;

·      экономикалық статистика және оның салалары;

·      әлеуметтік статистика және оның салалары.

Статистика теориясы әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды зерттеудің жалпы принциптері мен статистикалық әдістері туралы ғылым болып саналады, яғни қоғамдық құбылыстарды статистикалық зерттеудің әдістемесін жетілдіреді. Сондықтан статистика теориясы барлық салалық статистиканың әдістемелік негізі болып саналады.

Статистиканың негізгі міндеттерін атап өтейік:

· қоғамды нақты, шынайы мәліметтермен қамтамасыз ету;

· әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды бақылау:

· ғылыми және практикалық статистиканың әдістемесін жетілдіріп отыру;

 · экономика дамуындағы үрдістерді бақылау және болжау.

 

3.    Статистика пәнін оқып үйрену үшін белгілі бір категориялар, яғни ұғымдар қолданылады

 Белгі – бақылауға алынатын немесе өлшенентін бірліктердің, құбылыстардың ерекшеліктері, қасиеттері. Мысалы адамдардың демографиялық, әлеуметтік-экономикалық белгілеріне олардың жасы, жынысы, мамандығы, білім деңгейі, табысы, т.б. жатады.

Белгілердің мынадай түрлері болады:

· сандық және сапалық (сипаттамалық);

· негізгі (алғашқы) және көмекші;

· тұрақты және вариациялық (өзгермелі)

Вариация деп белгілердің әр түрлі мәнді қабылдауын айтады. Вариацияның төменгі шегін белгі минимумы, ал жоғары шегін белгі максимумы дейді. Белгінің әр түрлі мәнін сол белгінің варианттары деп атайды.

Статистикалық жиынтық деп бір немесе бірнеше ортақ белгілері бар құбылыстарды, объектілерді айтады. Жиынтықтағы жеке объектілер осы жиынтықтың бірліктері деп аталады. Мысалы өнеркәсіп саласының кәсіпорындары бір жиынтықты құрайды, ал осы жиынтықтағы әр кәсіпорын оның бірлігі болады.

Көрсеткіш деп әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен үдерістердің қасиеттерінің сандық бағасын айтады.

Көрсеткіштер жүйесі – қоғамдық құбылыстар арасындағы өзара байланысты, қоғамның дамуын жан-жақты сипаттайтын көрсеткіштер жиынтығы. Статистикалық көрсеткіштер жүйесі қоғам өмірін барлық жағынан, әр түрлі деңгейде қамтиды.

 

4. Статистика әдістері, олардың ерекшеліктері

Статистикалық әдістер өздерінің қолданылуы мен жалғасуына байланысты үш сатыдан тұрады:

       1.Статистикалық бақылау, яғни алғашқы мәліметтерді жинау сатысы. Мұнда құбылыстар мен процестер туралы мәліметтер алдын-ала жасалған бағдарлама бойынша жиналады. Бақылаудың негізгі мақсаты-қоғамдық құбылыстардың өзгеруіне әсер ететін фактілерді өздеріне тән белгілеріне қарай анықтау және мәліметтердің толық, нақты, дәл, анық болуын қадағалау.

       2.Жиналған мәліметтерді өздеріне тән белгілеріне қарай топтау, өңдеу және жинақтау. Бұл әдісті қолдану кезінде бақылау нәтижесінде жинақталған мәліметтер өздеріне тән жеке белгілері бойынша топтарға бөлінеді. Бұл кезеңде қоғамдық құбылыстар мен процестердің топтық көрсеткіштері іріленеді, жекелеген топтардың сапалық айырмашылықтары анықталады, сондай-ақ талдау, қорытынды жасау үшін сандық көрсеткіштер есептеледі.

      3.Жинақталған, өңделген мәліметтерге талдау және қорытынды жасау. Бұл сатыда жинақталған, топталған, өңделген көрсеткіштер біртектес топтық белгілері бойынша жеке қарастырылады. Сонымен қатар олардың өзара байланысын анықтайды. Статистикалық мәліметтерге талдау жасау дегеніміз жинақталған, топтастырылған, өңделген көрсеткіштерді салыстыру, қорытындылау және солар арқылы тұжырымдар мен ұсыныстар жасау болып табылады. 

Осы айтылған зерттеулердің үш сатысы арасында айырмашылық болғанмен де оларды бір-бірінен ажыратып қарастыруға болмайды.


Соңғы өзгеріс: сәрсенбі, 7 қыркүйек 2022, 9:39 AM