Педагогтерден түрлі жас топтарымен жұмыс істей білу ерекшелігі және бағдарламалық талаптарды балалардың жеке ерекшеліктерімен сәйкестендіре білу талап етілетіндіктен, бұл топтарда оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастыру күрделі болып келеді. Түрлі жас топтары – бұл баланың әлеуметтік қарым-қатынас мүмкіндіктерінің алуан түрлілігін қамтитын, жасанды түрде бөлінбейтін толыққанды балалар қауымдастығы. Балабақшадағы түрлі жас топтарында білім беру процесін ұйымдастыру баланың жас және жеке ерекшеліктерін, қарым-қатынас стилін, білім беру мазмұнын таңдауда саралау тәсілін ескере отырып, құрылады. Түрлі жас топтары мектепке дейінгі ұйымның құрамдас бөлігі, білім беру процесінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын айқындайтын, оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне, заттық-кеңістіктік дамытушы ортаның мазмұнына, балалардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды белгілейтін Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын басшылыққа алады. Мақсаты: педагогтерге мектепке дейінгі ұйымның түрлі жас топтарында білім беру процесін ұйымдастыруда әдістемелік көмек көрсету. Міндеттері: педагогтерді түрлі жас топтарында балаларды тәрбиелеу мен оқытудың әдістерімен және құралдарымен қамтамасыз ету; түрлі жас топтарында балалардың дамуы үшін қажетті заттық-кеңістіктік дамытушы ортаны ұйымдастыруда көмек көрсету; ата-аналарға балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту мәселелері бойынша кеңес беру және әдістемелік көмек көрсету.
- Учитель: Бахытгуль Шонова