№4. Нақты (абсолютті) және қатысты шамалар. Графикалық әдіс

 

1.Статистикадағы нақты (абсолютті) шамалар, олардың түрлері

 Статистикалық жинақтау нәтижесінде жеке топтарды немесе барлық жиынтықты сипттайтын қорытынды көрсеткіштер алынады.

 Статистикада қорытынды көрсеткіштердің 3 түрі қолданылады:

· абсолютті шамалар; · қатысты шамалар; · орташа шамалар.

Статистикалық нақты (абсолютті) шамалар деп қоғамдық құбылыстар мен процестердің белгілі бір жердегі және уақыттағы мөлшерін, көлемін, аумағын, деңгейін сипаттайтын нақты сандық көрсеткіштерді айтады.

Мысалы, топтағы студенттер саны, белгілі бір уақыт аралығындағы өндірілген өнім көлемі және т.б.

Нақты (абсолютті) шамалар жеке нақты шамалар  және жалпы нақты шамалар  болып екіге бөлінеді.

Жеке нақты шамалар жиынтықтың жеке бөліктерінің мөлшерін, көлемін өздеріне ғана тән сандық көрсеткіштер арқылы көрсетеді. Мысалы, бір жұмысшының айлық табысын, әр отбасындағы балалардың санын алуға болады.

Жалпы нақты шамалар жеке нақты шамалардың қосындысынан алынады. Мысалы, халық санағы кезінде республика бойынша жалпы халықтың саны алынады, ол әрбір адамның жиынтығынан құралады.

Жалпы абсолютті шамалар статистикалық жинақтау нәтижесінде алынады. Абсолютті шамаларды өлшеу үшін табиғи өлшем бірліктері (килограмм, тонна, метр, квадрат метр, литр, т.б.), құн өлшем бірліктері (теңге, доллар, т.б.), еңбек өлшем бірліктері (адам-сағат, адам-күн) қолданылады.

 

2. Қатысты шамалар, олардың түрлері

Қатысты көрсеткіштер бір абсолютті шаманы екінші бір шамаға бөлу нәтижесінде анықталады және олар әлеуметтік-экономикалық үдерістер мен құбылыстардың сандық сипаттамаларының ара қатысын көрсетеді. Сондықтан абсолютті шамалармен салыстырғанда қатысты шамалар туынды, қосалқы көрсеткіш болып саналады. Бірақ қатысты көрсеткіштерді қолданбай, зерттелетін құбылыстың даму қарқындылығын, басқа құбылыстармен салыстырғандағы даму деңгейін анықтау, аумақтық, халықаралық салыстырулар жасау мүмкін емес.   Қатысты шамаларды есептегенде бөлшектің бөлімі салыстыру негізі (базасы), ал алымы салыстырылатын шама деп аталады. 


Қатысты шамалар коэффициент, пайыз, промилле, децимилле, т.б. нысанда көрсетілуі мүмкін. Егер салыстыру негізі бірге тең болса, онда қатысты шама коэффициент түрінде өрнектеледі. Ал салыстыру негізі 100-ге, 1000-ға, 10 000-ға тең болғанда қатысты шама сәйкесінше пайыз (%), промилле (‰), продецимилле (o/ooo) нысанында көрсетіледі.

         Статистикалық талдау мақсатына байланысты қатысты шамаларды мынадай түрлерге бөледі:

1. Динамика көрсеткіші

2. Жоспарлық тапсырма

3. Жоспардың орындалу дәрежесі

4. Құрылымдық қатысты шама

5. Координация (үйлесімді) көрсеткіші

6. Интенсивті (үдемелі) көрсеткіштер

7. Салыстырмалы қатысты шамалар

Динамикалық қатысты шама – уақытқа қарай көрсеткіштің өзгеру дәрежесін сипаттайтын қатысты шаманың түрі. Динамикалық қатысты шама статистикалық көрсеткіштің осы мерзімдегі мәнін өткен немесе базалық мерзімдегі мәніне бөлу арқылы есептелінеді.

Қатысты шаманың бұл түрін екі әдіспен есептейді:

· базалық әдіс

· тізбекті әдіс

Базалық әдіспен динамикалық қатысты шаманы есептегенде салыстыру негізі тұрақты, ал тізбекті әдіспен есептегенде өзгермелі болады. Динамикалық көрсеткіштерін есептеу сызбасы КӨРСЕТІЛГЕН:


 

Базалық әдісті қолданғанда динамикалық қатысты шама былай анықталады:

 


 

Динамикалық қатысты шаманы тізбекті әдіспен есептегенде мына формуланы қолданады:



Жоспарлық тапсырма – көрсеткіштің жоспарланған мәні мен оның өткен мерзімдегі нақты мәнінің қатынасын білдіретін көрсеткіш.

 


Жоспардың орындалу дәрежесі – көрсеткіштің есепті мерзімдегі нақты деңгейінің жоспардағы деңгейге қатынасын білдіретін қатысты шама.



Құрылымдық қатысты шама жиынтықтың жеке бөліктерінің үлесін көрсетеді.


 

Координациялық (үйлесімді) қатысты шама жиынтықтың құрамдас бөліктерінің өзара қатынасын білдіреді.

 


Интенсивті (үдемелі) қатысты шама зерттелетін құбылыстың белгілі бір ортада қалай таралғанын немесе сол құбылыстың даму деңгейін сипаттайды. Интенсивті қатысты шамалар бір-бірімен байланысты, бірақ аттас емес көрсеткіштердің қатынасын білдіреді.

 


 

Салыстырмалы қатысты шамалар аттас, біртектес шамалардың қатынасын көрсетеді.

 

3.Статистикадағы графиктік әдіс

Статистикалық графиктер көрсеткіштердің сандық мәндерін және олардың ара қатысын сызықтар, геометриялық фигуралар, суреттер, географиялық карталар арқылы шартты түрде бейнелеуді білдіреді.

Графиктің мынадай негізгі элементтері болады:

· графиктік бейне

· график өрісі

· кеңістік бағдар

· масштабтық бағдар

· график экспликациясы.

Статистикалық графиктердің көптеген түрлері бар, оларды әр түрлі белгілер негізінде жіктейді.

Құру тәсіліне байланысты графиктер 3 түрлі болады:

· диаграммалар

· картограммалар

· картодиаграммалар

Диаграммалар – графиктердің ең көп тараған түрі. Диаграммалар әр түрлі болады, мысалы, нүктелік, сызықтық, жазықтық, көлемдік, бейнелі, тарамдалған, таспалы, т.б. Диаграмманың түрі берілген мәліметтерге, графикті қалай құру керектігіне, яғни зерттеу мақсатына байланысты анықталады.

Графиктік бейне нысанына байланысты диаграммаларды былай жіктеуге болады:


Экономикалық-статистикалық талдауларда жиі қолданылатын диаграммаларды қарастырайық.

Сызықтық диаграммалар таратпалы қатарлардағы вариацияны, құбылыстардың динамикасын, өзара байланысын сипаттау үшін қолданылады.


Әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың динамикасын талдау үшін бағанды диаграммалар қолданылады. Бағанды диаграммалар құбылыстардың құрылымын зерттеу үшін де қолданылады (3.7-сурет).

 

Статистикалық талдауларда құбылыстардың құрылымын бейнелеу үшін секторлық диаграмманы жиі пайдаланады. Мұндай диаграммаларда дөңгелектің ауданы  зерттелетін құбылыс шамасы ретінде қарастырылады, ал секторлардың ауданы құбылыстың құрамдас  бөліктерінің үлесін көрсетеді (3.10-сурет).

 

Картограммалар және картодиаграммалар зерттелетін құбылыстарды географиялық жағынан сипаттау үшін қолданылады. Олар құбылыстың белгілі бір аумақта (республикада, облыста, т.б.) қалай таралғанын көрсетеді. 


Соңғы өзгеріс: бейсенбі, 8 қыркүйек 2022, 10:31 AM