Теория
1. Статистикалық мәлiметтердi жинақтау туралы түсінік
Статистикалық бақылау нәтижесінде жиналған мәліметтер жүздеген, мыңдаған бірліктерді қамтиды. Бірақ олар тиісті түрде өңделмесе ғылыми жағынан да, практикалық жағынан да құнсыз болып қалады. Сондықтан статистикалық мәліметтерді жинақтау кезеңіндегі міндеті – бақылау нәтижесінде жиналған мәліметтерді белгілі бір жүйеге келтіру, әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың мәнін, статистикалық заңдылықтарды айқындайтын қорытындылаушы көрсеткіштерді есептеу және сол көрсеткіштер арқылы зерттелетін жиынтықты сипаттау.
Зерттелетін құбылысты сипаттау үшін статистикалық бақылау мәліметтерін ғылыми түрде өңдеп, бір жүйеге келтіруді жинақтау дейді. Мәліметтерді жинақтау жұмыстары 3 кезеңнен тұрады:
· мәліметтерді алдын ала тексеру;
· мәліметтерді берілген белгілер бойынша топтау;
·жинақтау нәтижесін статистикалық кесте түрінде рәсімдеу. Жинақтаудың 1-кезеңінде өңделетін материал бақылау бірліктерін қамту толықтығы тұрғысынан тексеріледі. Сонымен қатар жиналған мәліметтердің қаншалықты сапалы екендігі анықталады.
Мәліметтерді берілген белгілер бойынша топтау бағдарламаға сәйкес жүргізіледі. Мұндай топтаулар жиналған ақпаратты пайдалануға қолайлы, түсінуге жеңіл түрге келтіру үшін қажет.
Топтау нәтижесін әдетте статистикалық кестелер арқылы көрсетеді. Статистикалық жинақтаудың екі түрі бар: · жай жинақтау; · күрделі жинақтау. Жай жинақтау қолданылғанда алынған мәліметтерді топтарға бөлмейді. Мұндай жағдайда зерттеу белгісі бойынша барлық бақылау бірліктерінің мәндерін қосып, жиынтықтың қорытынды көрсеткішін анықтайды. Мысалы, Қазақстандағы студенттер санын анықтау үшін еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының осы көрсеткіш туралы берген мәліметтері есепке алынады.
Статистикалық топтастыру қолданылған жинақтау күрделі жинақтау деп аталады. Күрделі жинақтауға мысал ретінде кәсіпорындарды меншік түрі бойынша топтауды келтіруге болады.
2.Статистикалық мәліметтерді топтау және оның түрлері
Бақылау бірліктерін олардың негізгі белгілеріне байланысты біртекті топтарға біріктіруді топтау дейді. Топтау – статистикалық мәліметтерді жинақтаудың негізгі әдісі. Бұл әдісті қолдану түрлі топтардың қорытындылаушы көрсеткіштерін есептеуге, оларды салыстыруға, топтар арасында өзгешеліктердің болу себебін талдауға, белгілердің өзара байланысын анықтауға мүмкіндік береді.
Топтау әдісі қоғамдық құбылыстарды талдаудың сапасын арттырады. Мәліметтерді топтаудағы негізгі мақсат – алғашқы статистикалық материалды ретке келтіру, оны вариациялық белгілер бойынша топтарға бөлу.
Топтаудың әр алуан міндеттерінің ішінен мынадай 3 міндетті атап көрсетеді:
· жалпы жиынтықты сапалық жағынан біртекті топтарға немесе әлеуметтік-экономикалық типтерге бөлу;
· жиынтықтың құрамын әр түрлі белгілер бойынша зерттеу;
· құбылыстар немесе вариациялық белгілер арасындағы байланысты анықтау.
Бұл міндеттер типологиялық, құрылымдық, талдамалық (аналитикалық) топтаулар арқылы жүзеге асырылады.
Типологиялық топтау экономикалық, әлеуметтік зерттеулерде көп қолданылады. Топтаудың бұл түрін пайдаланғанда топтау белгісін таңдаудың маңызы зор. Егер топтау сапалық белгі бойынша жүргізілсе, онда топ саны және олардың аты топтау белгісі бойынша анықталады. Мысалы, кәсіпорындарды меншік түрі бойынша топтау (3.1-кестеге назар аударамыз).
3.1-кесте. Кәсіпорындарды мешік нысандары бойынша топтау
(2007 жылдың 1-қаңтарына)
|
Меншік нысаны |
Кәсіпорын саны |
|
Мемлекеттік меншік Жеке меншік соның ішінде: мемлекеттің қатысуымен (шетелдің қатысуынсыз) бірлескен кәсіпорындар (шетелдің қатысуымен) Шетелдік меншік |
28551 207067 840 7935 12312 |
Құрылымдық топтау өзгермелі белгілер бойынша зерттелетін жиынтықтың құрылымын анықтау үшін қолданылады. Кәсіпорындарды жұмысшы саны, халықты табыс деңгейі, қызметкерлерді еңбек өтілі (стаж), жұмыссыздарды жастары бойынша әр түрлі топтарға бөлу құрылымдық топтаудың мысалы болады (3.2 кестеге назар аударамыз).
3.2-кесте. Жұмыссыздарды жас белгісі бойынша топтау
|
Жұмыссыздардың саны |
Жұмыссыздар саны, мың адам |
Әр топтағы жұмыссыздар үлесі, % |
|
15-24 25-54 55-64 65 және одан асқандар |
169,0 419,0 37,4 - |
27,0 67,0 6,0 - |
|
Барлығы |
625,4 |
100,0 |
Аналитикалық топтау зерттелетін құбылыстар арасындағы байланысты анықтауға мүмкіндік береді. Аналитикалық топтауды жасамас бұрын факторлық және нәтижелік белгілерді айқындап алады. Статистикада факторлық белгі деп басқа белгілерге әсер ететін белгіні айтады. Ал нәтижелік белгі деп факторлық белгілердің ықпал етуіне байланысты өзгеретін белгіні айтады. Мысалы тауар айналымына тауардың бағасы, сатылған өнім көлемі әсер етеді. Аналитикалық топтау жасағанда топтау белгісі ретінде факторлық белгіні алады (3.3-кестеге назар аударамыз).
3.3-кесте. Кәсіпорындарды жарнама шығындары бойынша топтау
|
Жарнама шығыны, млн. тг |
Кәсіпорын саны |
Әр кәсіпорынның тауар айналымы, млн. тг |
|
2-ге дейін 2-4 4-6 6 және одан жоғары |
5 15 7 3 |
200 300 350 370 |
Мәліметтерді топтастыру үшін қандай ақпарат қолданылғанына байланысты топтау алғашқы топтау және қайта топтау болып екіге бөлінеді. Алғашқы топтау статистикалық бақылау нәтижесінде жиналған ақпарат негізінде жүргізіледі. Қайта топтау деп белгілі топтарды жаңа топтарға топтауды айтады. Қайта топтау ұсақ топтардан ірі топтарды құру үшін немесе әр түрлі өңделген материалдарды бір жүйеге келтіру қажет болғанда қолданылады.
Мәліметтерді қайта топтау мынадай екі түрлі тәсіл арқылы жүзеге асырылады: 1) егер жаңа топ пен ескі топтың шекаралары сәйкес келсе, онда бастапқы интервалдарды біріктіреді; 2) жаңа топ пен ескі топтың шекаралары сәйкес келмеген жағдайда, үлестік топтау жүргізіледі.
Топтау өзінің өзгермелі мәніне сәйкес бүтін және деңгей аралықты болып бөлінеді. Топтық белгі бүтін санмен берілетін болса, онда бүтін сан өзгермелі топтауға жатады, ал ондағы бөліп алынатын топ саны сол берілген белгінің мәніне сәйкес келеді. Деңгей аралығының тұрақты шамасын есептеу алдында оның ең үлкен, ең кіші шамасының сандық мәнін анықтау керек. Тұрақты шама келесі формуламен анықталады:
d =Хmax – Xmin /n.
3. Статистикалық таратпалы қатарлар
Таратпалы қатарлар деп зерттелетін жиынтық бірліктерінің топтау белгісі бойынша реттеліп, топтарға бөлінуін айтады.
Таратпалы қатарлар құбылыстың құрылымын сипаттайды, жиынтықтың біртекті немесе әр текті екендігін анықтайды, сонымен қатар оның даму заңдылығын айқындайды. Егер таратпалы қатарлар сапалық белгі бойынша құрылса, ондай қатарларды атрибутты таратпалы қатарлар деп атайды. Тауар айналымын тауар топтарына бөлу, қызметкерлерді білім деңгейі бойынша топтау атрибутты қатардың мысалы болады. Сандық белгілер бойынша құрылған таратпалы қатарлар вариациялық қатарлар деп аталады.
Вариациялық қатарлардың мынадай екі түрі болады:
· үздікті; · үздіксіз
Кез-келген вариациялық қатардың екі элементі болады: · қатар варианты; · варианттың жиілігі. Вариант деп вариациялық белгінің таратпалы қатардағы жек мәнін айтады. Ал жиілік әр варианттың неше рет қайталанғанын көрсетеді. Жиіліктердің қосындысы таратпалы қатардың көлемін анықтайды. Статистикада вариантты x, ал жиілікті f арқылы белгілейді.
4. Статистикалық кестелер
Статистикалық жинақтау, топтау нәтижелері әдетте статистикалық кесте түрінде беріледі. Статистикалық кестелерде әлеуметтік-экономикалық құбылыстар туралы жиналған ақпарат белгілі бір тәртіппен көрнекі түрде баяндалады, сондықтан олардың экономикалық жұмыстарда атқаратын рөлі жоғары. Кез-келген экономика маманы кестені дұрыс құрып, кестедегі ақпарат бойынша дұрыс қорытынды жасай білуі тиіс. Кез-келген сөйлем сияқты статистикалық кестенің бастауышы, баяндауышы болады. Зерттелетін объект кестенің бастауышы, ал осы объектіні сипаттайтын көрсеткіштер кестенің баяндауышы болады (3.4 - кестеге назар аударамыз).
3.4-кесте. Статистикалық кесте үлгісі
|
Реттік № |
Кестенің бастауышы |
Кестенің баяндауышы |
|||
|
А |
1 |
2 |
3 |
... |
|
|
1 |
|||||
|
2 |
|||||
|
3 |
|||||
|
... |
|||||
Бастауыштың құрылымына байланысты статистикалық кестелерді 3 түрге бөледі: · жай кесте · топтастырылған кесте · құрама кесте.
Егер кестенің бастауышында топтастыру болмаса, ондай кестені жай кесте дейді. Кестенің бастауышында зерттелетін объект бір белгі бойынша топтастырылса, ондай кестені топтастырылған кесте дейді. Егер кестенің бастауышында зерттелетін объект екі немесе одан да кӛп белгі бойынша топтастырылса, ондай кестені құрама кесте дейді.