№2. Статистикалық бақылау

 

1.Статистикалық бақылау және оған қойылатын талаптар

Қоғамдық құбылыстарды олардың сандық және сапалық ерекшеліктерін тығыз байланыстыра отырып сипаттау терең әрі жан-жақты жүргізілетін статистикалық зерттеулерсіз мүмкін емес. 1-тақырыпта статистикалық зерттеу жұмыстары 3 кезеңге бөлінетіні айтылған. Сол кезеңдердің алғашқысы статистикалық бақылау деп аталады.

Статистикалық бақылау  деп қоғамдық өмірдің көптеген құбылыстары мен процестері туралы бастапқы мәліметтерді алдын-ала жасалған бағдарлама бойынша ғылыми ұйымдастырылған жүйеде тіркеу, жинау тәсілі айтылады.

Статистикалық бақылаудың негізгі мақсаты - зерттелетін объекті туралы шындықты нақты дәлдікпен көрсететін ғылымға негізделген сапалы мәліметтерді белгіленген уақытта жинау.

Статистикалық бақылау жұмыстарын мынадай 3 кезеңге бөледі:

· статистикалық бақылаудың дайындық жұмыстары;

· қажетті, бастапқы мәліметтерді жинау;

· жиналған мәліметтерді өңдемес бұрын тексеру.

Статистикалық бақылаудың дайындық жұмыстарына бақылаудың мақсатын, міндеттерін анықтау, бақылау бағдарламасын әзірлеу, бақылауды жүргізуді ұйымдастыру жұмыстары жатады.

Статистикалық бақылау – күрделі әрі жауапты жұмыс, өйткені статистикалық зерттеу жұмыстарының сапасы бақылаудың қалай ұйымдастырылғанына тікелей байланысты болады. Сондықтан статистикалық бақылауды ұйымдастыру жұмыстарына көп көңіл бөлінеді.

Статистикалық бақылауға мынадай талаптар қойылады:

1) статистикалық мәліметтердің толықтығы және практикалық құндылығы; 2) мәліметтердің дұрыстығы және дәлдігі, яғни мәліметтер ақиқат шындыққа сәйкес келуі керек және техникалық жағынан дәл өлшенуі тиіс;

3) уақыт және кеңістік өлшемдері бойынша мәліметтердің салыстырмалы болуы;

4) бақылау жүргізілетін жиынтықты іріктеудің негізді болуы, яғни іріктеліп бақылауға алынған бірліктерде зерттелетін жалпы жиынтықтың негізгі қасиеттері мейілінше көп болуы керек.

 

2.Бақылау жүргізуді ұйымдастыру және бақылау бағдарламасы

Статистикалық бақылауды жүргізбес бұрын оны ұйымдастыру жоспары жасалынады. Жоспарда бақылаудың мәні, маңызы, мәліметтерді жинаудың формалары, түрлері мен тәсілдері қарастырылады. Сондықтан бұларды нәтижелі шешу үшін алдын-ала бағдарлама жасалынады.

Статистикалық бақылау бағдарламасы дегеніміз зерттеу кезінде алғашқы мәліметтерді жинау үшін ұғымды жинақы, ойға қонымды бақылау бірліктеріне берілетін сұрақтар тізімінің жиынтығы. Статистикалық бақылау бағдарламасына енгізілген сұрақтар мөлшері статистикалық органдардағы есеп беру формасы арқылы жинақталған көрсеткіштерге байланысты болады.

Бақылау бағдарламасына дұрыс және нәтижелі жауап алынатын сұрақтар енгізілуі керек.

Статистикалық бақылаудың объектісі - зерттеуге жататын әлеуметтік құбылыстар мен процестердің жиынтығы. Статистикалық бақылаудың объектісі бөлек элементтерден тұрады және оларды нышандарына қарай бір-бірінен ажыратуға болмайды, сондықтан ол бақылау жүргізудің негізгі көзі болып саналады.

Бақылау бірлігі - статистикалық мәліметтер жиынтығын зерттеуге жататын объект құрамының бір бөлігін айтады.

Бақылау бағдарламасындағы сұрақтардың жауабын жазу үшін формуляр қолданылады. Формулярда сұрақтардың тізімі, жауап жазатын бос орын, жауаптың шифры (коды) болады. Бақылаудың ерекшелігіне байланысты формулярды бланк, форма, сауалнама, карта, санақ қағазы деп атайды.

 

3. Статистикалық бақылаудың формалары, түрлері және тәсілдері

Ұйымдастыру тұрғысынан қарағанда статистикалық бақылаудың 2 формасы болады: есеп беру;  арнайы ұйымдастырылған.

Есеп беру деп кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің өз қызметтері туралы статистикалық органдарға құжаттар (есеп) тапсыруын айтады. Есеп беру алдын-ала белгіленген бағдарлама бойынша белгілі бір уақытта жүргізіледі. Есеп беру үшін қолданылатын бланктерді статистикалық есеп беру нысаны дейді.

Әр түрлі құбылыстарды зерттегенде олардың күй-жайы, дамуы туралы мәліметтерді есеп беру нысаны бойынша жинау мүмкін болмаған жағдайда арнайы ұйымдастырылған бақылау жұмыстары жүргізіледі. Арнайы ұйымдастырылған бақылаудың мысалы ретінде халық санағын, отбасы бюджетін зерттеуді, тауар сапасын тексеруді атауға болады.

Зерттелетін жиынтықтағы бірліктерді қамту дәрежесіне байланысты статистикалық бақылаудың екі түрі болады:

· жаппай; · жартылай.

Жаппай бақылау кезінде зерттеуге жататын жиынтық бірліктер толықтай тіркеуге алынады. Мысалы, халық санағы, шығарылған өнімді есепке алу, т.б

Жартылай бақылау кезінде зерттелген жиынтық бірліктерінің белгілі бір бөліктері ғана қамтылады.

Жартылай бақылаудың мынадай түрлері болады:

· ішінара бақылау; · монографиялық бақылау; · жиынтықтың негізгі бөлігін бақылау.

Ішінара бақылау деп жиынтықтың кездейсоқ алынған бөлігін зерттеуді айтады. Ішінара бақылау – жартылай бақылаудың ең көп тараған түрі. Өнімнің сапасын тексеру, жұмыс уақытын пайдалануды зерттеу ішінара бақылаудың мысалы болады.

 Монографиялық бақылау жүргізгенде жиынтықтың жекеленген бірліктері жан-жақты, толық зерттеледі. Бақылаудың бұл түрін қолдану үшін зерттелетін жиынтыққа тән, яғни типтік бірліктер есепке алынуы керек. Монографиялық бақылаудың міндеті - бүгінгі күннің жетістіктерін насихаттау үшін немесе зерттеліп отырған құбылыстың кемшілігін анықтау үшін жүргізіледі.

Жиынтықтың негізгі бөлігін зерттеу деп бақылауға алынған жиынтықтың негізгі бөлігін құрайтын аса ірі бірліктерді ғана зерттеуді айтады. Әдетте мұндай ірі бірліктер зерттелетін белгі бойынша жиынтықтың басым бөлігін құрайды.

Мәліметтерді тіркеуге алу уақытына байланысты бақылаудың 3 түрі болады: · ағымдағы; · мерзімдік; · бір жолғы.

Ағымдағы бақылау үздіксіз, жүйелі түрде жүргізіледі. Мұндай бақылаулар құбылыстар мен процестердің уақытқа байланысты дамуын толық есепке алуға мүмкіндік береді. Шығарылған өнімді есепке алу, азаматтық хал актілерін тіркеу, дүкендердің саудадан түскен ақшаны есепке алуы , т.б. ағымдағы бақылаудың мысалы болады.

Мерзімдік бақылау мәліметтерді белгілі бір уақыт аралығында тіркеген кезде қолданылады. Мерзімдік бақылаулар көп жағдайда құбылыстардың белгілі бір уақыт мезетіндегі күйін сипаттайды. Оларды үздікті түрде жүргізеді. Халық санағы, кәсіпорындардың айлық есеп берулері, т.б. мерзімдік  бақылау мысалы болып саналады.

Бір жолғы бақылауды белгілі бір мәселені шешу үшін бір рет немесе қажет болған кездерде, яғни үздікті түрде жүргізеді. Мысалы, тұрғын үй қорының санағы, ақша реформасы кезінде қолма-қол ақшаны есепке алу, т.б.

Статистикалық ақпаратты алудың мынадай тәсілдері бар:

· тікелей бақылау; · құжаттық; · сұрақ-жауап.

Тікелей бақылау тәсілі арқылы мәліметтерді жинағанда мемлекеттік статистикалық органдардың немесе басқа ұйымдардың өкілдері бақылау бірліктерін өздері байқап, өлшеп, санағаннан кейін мәліметтерді статистикалық құжаттарға жазады. Бақылаудың құжаттық тәсілі қолданғанда негізгі ақпарат көзі болып әр түрлі құжаттар саналады.. Бақылаудың сұрақ-жауап тәсілі қолданылғанда мәліметтер сұралушы адамның берген жауаптарынан құралады. Сұрақ-жауаптың 3 түрі болады:

· экспедициялық; · өзіндік тіркеу; · тілшілік.

 

4.Статистикалық бақылау кезінде жіберілетін қате және оны тексеру тәсілі.

Статистикалық қате деп нақты факті зерттеу нәтижесінің көрсеткіштері арасындағы сәйкессіздікті, айырмашылықтарды дұрыс санамауды, түрлі себептерге байланысты бұрмалаушылықтарды айтады.

Статистикалық бақылау қателерін екі топқа бөлуге болады:

 · репрезентативті қате; · тіркеу қатесі.

Іріктеліп, бақылауға алынған жиынтық бөлігіндегі зерттелетін белгі мәнінің негізгі жиынтықтағы оның нақты мәнінен ауытқуын репрезентативті қате дейді. Репрезентативті қате тек жартылай бақылау кезінде байқалады. Тіркеу қатесі бақылау барысында деректерді дұрыс анықтамағанда, дұрыс жазбағанда болады.

Тіркеу қателерінің екі түрі болады: · кездейсоқ қате; · жүйелі қате. Кездейсоқ қателер қызметкер біліктігінің төмендігінен, оның жұмысқа ынтасыз болуынан , т.б. себептерге байланысты жіберілуі мүмкін. Жүйелі қателер кездейсоқ қателерге қарағанда анағұрлым қауіпті, себебі олар қорытынды көрсеткіштерге айтарлықтай әсер етеді.

Статистикалық мәліметтер логикалық және арифметикалық жолмен тексеріледі. Логикалық тексеру бақылау бағдарламасындағы өзара байланысты сұрақтардың жауаптарын салыстыру арқылы жүзеге асырылады. Арифметикалық немесе есептік тексеру сандық көрсеткіштердің жиынын тексергенде қолданылады.


Соңғы өзгеріс: сәрсенбі, 7 қыркүйек 2022, 2:21 PM