Жаңа адамды қалыптастырудың көпқырлылығы мен күрделілігі қазіргі тәрбие теориясы мен практикасы үшін педагогикалық шеберлікті қажет етеді. Педагогикалық шеберлік, бір жағынан, педагогтің педагогикалық мәдениетінің маңызды құрамдас бөлшегі болса, екінші жағынан, кәсіптік даму мен жетілдірудің алғышарты болып табылады. Педагог білім мен дағдының, қабілеттіліктің тұтас кешенін игерген жағдайда ғана маман бола алады. Педагогикалық үдеріс тұтастығымен және жүйелілігімен сипатталып, барлық педагогикалық құралдар өзара байланыста болса ғана тәрбие мен оқыту шындыққа айналады. Тәрбие, оқыту мен дамыту тұтас болып біріккенде ғана шығармашылық, үйлесімділік жағынан дамыған тұлға қалыптасады.
Педагогикалық біліктілік – іс – әрекеттің барлық түрлерін тұлғаның әлеуметтік іс- әрекетіндегі қажеттілікке, дүниетанымы мен қабілеттерін қалыптастыруға, жан-жақты дамуы мен жетілуіне бағыттау белсенділігін арттырудағы кәсіби шеберлік. Қазіргі педагогикалық білім беру тұжырымдамасы болашақ мамандардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, терең ғылыми кәсіби-педагогикалық дайындыққа қол жеткізу үшін алғышарт жасауды ұсынды.
Педагогикалық шеберлік – үнемі жетіліп отыруды қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу өнері. Ол өнерге балаларды сүйетін және өз қалауымен жұмыс істейтін әр педагогтың қолы жетуі мүмкін. Педагог – өз ісінің шебері, жоғары мәдениетті,өз пәнін терең меңгерген, ғылым мен өнердің тиісті салаларынан хабардар, әсіресе балалар психологиясының мәселелеріне қанық, оқыту мен тәрбиенің әдістемесін жетік меңгерген маман. Педагог әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, адамдармен, оқушылармен қарым-қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік білетін әрі уағыздаушы, таланты мен тәжірибесі тоғысқан, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі жеріне деген сүйіспеншілігі негізінде оқушыларға үлгі болуы керек. Шебер педагог көзі қарақты, құлағы сергек, көкірегі ояу, білім беру саласында атқарылып жатқан игі істердің куәсі болуы шарт.
Педагогикалық шеберліктің қалыптасу мәселесі, оның мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастағы рөлі жайында педагогика мен психология саласында Ю.П.Азаров, Ю.К. Бабанский, Н.В.Кузьмин, С.Д.Смирнов, В.А.Сластенин , Н.Д.Хмель, Шкутин Л.А, Н.В.Александров жұмыстары, Н.В. Кухарев, А.В.Мудрик, А.В.Петровский, В.И.Слуцкий, П.И.Пидкасистый, Л.И.Рувинский, А.А.Гин, А.П.Чернявская, А.А.Калюжний, Н.В.Мирза, Т.П.Смолькина және басқа да ғалымдардың еңбектерінде педагогикалық шеберлікті жетілдірудің жолдары ашылып, зерттелді. Жаңашыл- ұстаздардың Ш.А.Амонашвили, В.Ф.Шаталов, Ю.П.Фокин, Е.Н.Ильин, С.Н.Лысенковая және де басқалардың үлкен жаттығу тәжiрибесi «мұғалім–тәрбиеленуші» жүйесінде қарым-қатынастың тиімді болуына жоғарғы педагогикалық шеберлік әсер ететіндігі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Заман ағымына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған маман-уақыт талабы. Шебер педагог білімді, тәжірибесі мол, жан-жақты бола отырып, оқушыларды жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиені ұштастыра алуы қажет. Әр оқушының дарындылығын айқындау, олардың дамуына қолайлы жағдайлар жасау, мектеп, отбасы, педагогтың рөлін анықтау, студенттер мен мұғалімдер ұжымын қалыптастыру – педагогикалық шеберлікті жетілдіруге негізделеді деп есептейміз.
- Мұғалім: Гульшат Кусаинова