Саясаттану сөзі ("политология") гректін, «политика" және "логос" деген сөздерінен шыққан, саясат туралы ғылым деген мағынаны білдіреді.

      Саясаттанудың пәні – саясаттану екі сипатта қарастырылады: ғылым және оқу пәні ретінде. Саясаттану ғылым ретінде қоғамның саяси саласын, саяси ойдың пайда болуы мен дамуын, саяси жүйе, саяси қатынастар мен үрдістер, саяси сана мен саяси мәдениет, халықаралық саяси үрдісті зерттейді. Саясаттану пән ретінде оқушыларға саяси мәселелер бойынша нақты білім жүйесін береді, нақты саяси шындықтың мәні мен болашақта дамуын, негізгі саяси институттар, ұйымдар, қозғалыстар мен үрдістер, саяси қатынастар жүйесіндегі жеке тұлғаның құқықтық жағдайы мен оның саяси өмірге қатысу жолдарын жан-жақты ашып көрсетеді. Саясаттану пән ретінде посткеңестік кеңістікте XX ғ. 90 ж. бастап оқу бағдарламаларына енгізілді. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында Саясаттану міндетті пән ретінде оқытылады.